Алматы облысында мектеп мұғалімі ағылшын тілін рэп арқылы үйретеді
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде «Мистер Омирбек» атымен танымал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Өмірбек Жанқуатов оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тың әдістерді қолданып жүр, деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігі.
Жас педагог TikTok желісінде жариялаған бейнероликтері арқылы кеңінен танымал болды. Ол бейнематериалдарда мектеп оқушыларын ағылшын тілін музыкалық композициялар арқылы үйретеді.
— 34 жастағы Өмірбек Жанқуатов бұған дейін Алматы облысы Байсерке ауылындағы № 28 мектеп-гимназиясында еңбек еткен. Қазіргі таңда ол Іле ауданы Қосөзен ауылындағы мектепте сабақ береді. Оның оқыту тәсілі шығармашылыққа негізделген: сабақ барысында оқушылар ағылшын сөздері мен сөз тіркестерін рэп ырғақтарына қосып жаттайды. Мұндай әдіс білім алу процесін қызықты әрі жеңіл етеді, — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Өмірбек Жанқуатовтың кәсіби жетістіктері өңірлік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның үздік мұғалімі» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Жақын арада ұстаз жаңа авторлық бағдарламасын ұсынбақ, оны оқушылар асыға күтуде.
Ұстаздық — үздіксіз ізденісті, кәсіби дамуды талап ететін абыройлы мамандық. Өмірбек Жанқуатовтың тәжірибесі шығармашылық пен кәсібилікті ұштастыру арқылы заманауи білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға болатынын дәлелдеп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін білім жүйесінде «Еңбек Ері» атағын алған қанша ұстаз еңбек етіп жатқанын жазған едік.