Алматы облысында мемлекет қаржысын жымқырғандардан 653 млн теңге залал келді

Фото: Фото: Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысында мемлекеттік субсидияны заңсыз иемдену мен жалған құжат арқылы жасалған 6 қылмыс тіркелді. Заңсыз әрекеттерден келген залал — 653 млн теңге. Бұл туралы экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Данияр Қыдыралиев айтты. 

Оның айтуынша, тексеріс барысында агроөнеркәсіп кешенінде мемлекет қаражатын жымқырудың жүйелі схемалары анықталды. Мәселен, ет өңдеу зауытының жобалау-сметалық құжаттарын қолдан жасау арқылы 205 миллион теңге көлемінде мемлекеттік субсидия алған компания басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сол серіктестік жалған құжаттар арқылы құрылғының өндірістік қуаты туралы ақпаратты бұрмалап, 63 млн теңге субсидия алған.

Бұдан бөлек, ауылшаруашылық кооперативінің басшысы мал басының саны туралы жалған ақпарат ұсынып, 50 миллион теңге субсидия алған және оларды жеке депозиттік шотқа орналастырып, түскен дивидендті өз қажеттілігіне жұмсаған.

Білім беру саласында да ұқсас жағдайлар анықталды. Жеке балабақшалардың басшылары балаларды жалған тіркеу арқылы мемлекеттік білім тапсырысы бойынша бөлінген бюджет қаражатын жымқырған.

«Коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу кезінде қажетсіз делдалдарды болдырмау үшін белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекеттік бюджеттің ақшасын үнемдеу және оны дұрыс пайдалану мақсатында жасалып жатқан шаралар», — деді Данияр Қыдыралиев.

Айта кеткен жөн, экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтар болған жағдайда, қаржылық мониторинг агенттігінің 1458 сенім телефонына немесе «АФМ Insider» телеграм ботына хабарласуға болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданының әкімі қамауға алынғанын жазғанбыз.