Баспана кезегінде тұрғандар көбейді
- Биыл кезекте тұрған адамдарға арналған тұрғын үй құрылысы мен оларға баспана сатып алу жұмыстары ілгеріледі. Осы жылы 1 мыңнан астам пәтер беріледі, яғни оның жартысы тапсырылды. Қалғанын жаңа жылға дейін сатып алып, кезектегі отбасыларға береміз. Жыл сайын облыста тұрғындар саны артып келеді. Сондықтан кезекте тұрғандардың да саны өсіп отыр. Қазір кезекте тұрғандар 41 мыңға жетті. Адам санына тоқталсақ, былтыр 15 мыңға жуық бала мектеп бітірсе, биыл 36 мың бүлдіршін 1-сыныпқа барды, - деді М. Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, 2025 жылы осы санаттағы 2 мыңға жуық адам баспаналы болады, яғни биылға қарағанда екі есе артады.
- Көбісі Алматының төңірегінде кезекке тұрғысы келеді. Бұл ретте кезекке тұрғандардың басым бөлігі осы аумақта. Ал шалғай аудандарда кезекте тұрғандардың саны аздау және ол жақтарда мүмкіндік те көбірек. Өйткені тұрғын үй бағасы арзандау, құрылыс құны да жоғары емес. Сонымен қатар осы аудандарда мектеп, балабақша, мәдениет нысандарына қатысты мәселелер шешілген. Алматының төңірегінде бұл мәселе күрделі, - деді әкім.
Қонаев қаласындағы құрылыс
Марат Сұлтанғазиев қазір Қонаев қаласында құрылыс нысандары салынып жатқанын, оны кәсіпкерлер инвесторлардың есебінен жүзеге асырып отырғанын айтты. Бұл тұрғыда көбіне тұрғын үйлер салынады.
Оның сөзіне қарағанда, 2023 жылдың аяғында Қонаевта әлеуметтік және әкімшілік нысандарды салу бойынша кешенді жоспар бекітілген. Биыл толық жобалау жұмыстары атқарылды.
- 9 жобаға қатысты сараптаманың оң қорытындысын алдық. Үлкен нысандар болғандықтан, осы жұмыстарға тиісті уақыт керек болды. Көктемде бюджет бөлінді, содан кейін жобалау жұмыстары басталған еді. Бұл әлеуметтік нысандарға қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылады. Мәселен, ірі жобалардың қатарында театр, Конгресс холл, стадион сияқты нысандар бар. Бизнес тарапынан осы жылы екі үлкен мектеп салынды және олардың құны 6 млрд теңгеден астам. Мұнымен қоса, кәсіпкерлер жағалауды абаттандыруға қатысты, - деді өңір әкімі.
Қалада әкімшілік нысандардың біразын әкімдік сатып алса, кейбірі жалға алынып отыр.
- Бүгінде Қонаев қаласының бюджеті 4 есе артты. Халық саны 20 пайыздан астам өсті. Қазір тозған инфрақұрылым толық жаңартылып жатыр, оның ішінде кәріз және су жүйесі, жолдар, тұрғын үйлердің шатырлары жөнделеді. Қаладағы тартымды жерлердің бірі – жағалау. Сондықтан осы аумақта да тиісті жұмыстар атқарылып отыр, - деді облыс басшысы.
Еске салсақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматы облысында Қонаев академиялық қалашығы салынатынын мәлімдеді.
Бұл ретте М. Сұлтанғазиев осы мақсатқа жер телімі бөлінгенін атап өтті. Енді құрылыс бойынша жобалау жұмыстары басталады.
- Ол жерге ғимарат салумен қатар, жобалау жұмыстары мен инфрақұрылым тартуды жүзеге асыру керек. Осы бағытта біздің жауапкершілік - жер телімін бөліп, инфрақұрылымды қамтамасыз ету, - деді әкім.
Үш ауысымдағы мектептер
Сұхбат кезінде 2023 жылы Алматы облысында үш ауысымдағы 44 мектеп болғаны айтылды. Қазіргі кезде осындай 37 мектеп бар екен.
- Осы мәселені шешу үшін 26 мектептің құрылысы басталды. Кәсіпкерлер есебінен салынған мектептер бар. Осыны ескере отырып, үш ауысымдағы мектептер санын 37-ге түсірдік. Бұл тұрғыда жаңа мектептерді салуды жалғастыру керек, өйткені бала саны артып жатыр. Тағы 5 мектепті жылдың аяғына дейін тапсырамыз. Жалпы, 26 мектепті салуды бастасақ, соның 10-ы биыл бітеді, 16-сы келесі жылы аяқталады. Бірақ үш ауысымды толық жою үшін тағы 27 мектеп салуымыз қажет. Бұл 27 мектеп мемлекеттік жобалардың ішіне немесе «Жайлы мектепке» енбеді. Дегенмен, жер телімдерін даярлап қойдық. Оның құрылысына кәсіпкерлерді тартуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу біздің басым бағыттардың бірі. Жалпы, осы бағыттағы қарқын жаман емес, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешені маңынан салынып жатқан жаңа мектеп 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілмек.
Талғардағы қайғылы жағдай
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Бұған дейін Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Шерзат Полаттың әкесі ұсталғанын жазғанбыз.
«Уәде» бағдарламасына сұхбаты барысында Алматы облысының әкімі Талғардағы саяси әрі қоғамдық жағдай тұрақты екенін айтты.
- Ол жерде жантүршігерлік оқиға болды. Осы тақырып әлеуметтік желілерде де біраз талқыланып жатыр. Ең бастысы, халыққа уақытылы әрі нақты мәлімет беру керек. Сол себепті қазір құқық қорғау органдары ашық түрде жұмыс атқарып жатыр. Барлық мәліметті заң талаптарына сәйкес қоғамға жеткізіп отыр, - деді М. Сұлтанғазиев.
Оның сөзіне қарағанда, аталған отбасыны әкімдік баспанамен қамтамасыз етуге дайын.