Алматы облысында тұтынушыларға 44 млн теңге қайтарылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінетін адамдар саны артқан.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Департамент бас маманы Қуантқан Дидаровтың айтуынша, 2025 жылы сауда заңнамасын бұзған 62 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Биыл 160 сауда нысанына қатысты 585 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы көлемі 3 млн теңгеге жуық айыппұл тағайындалған.

Сонымен қатар 2025 жылы департаментке азаматтардан 547 өтініш түссе, 2026 жылдың басынан бері 1700 өтініш қаралған. Яғни, өңір тұрғындарының шағымы бірнеше есе көбейген. Олардың басым бөлігі бөлшек сауда, электрондық сауда, білім беру және тұрмыстық қызмет көрсету салаларына қатысты.

- Тұтынушыларға келтірілген шығындарды өтеу үшін биыл азаматтарға 44 млн теңге қаражат қайтарылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 52 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзған 49 нысанға 1,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды, - деді Қуантқан Дидаров.

Еске салайық, бұған дейін Астана прокуратурасы инвестордың құқығын қорғап, 20 млн долларлық жобаны іске қосты.