Алматы облысында жер сілкінісі тіркелді

Фото: Анадолы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 8 сәуірде Астана уақытымен сағат 22:55-те ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Сейсмологиялық зерттеу және ақпарат ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі арқылы жер сілкінісі тіркелді.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 117 шақырым солтүстік-батысқа қарай Қазақстан аумағында, Алматы облысы Іле ауданында орналасқан.

Сезілуі туралы мәліметке сәйкес, Алматы облысының Күрті ауылында 2 балл шамасында байқалған.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.

Осыған байланысты мамандар жер сілкінісі кезінде сақталуы тиіс қарапайым қауіпсіздік шараларын еске салады.

Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам:

– Жер дүмпуі кезінде үрейге бой алдырмаңыз;
– Лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
– Жиһаздан, терезеден алыс тұрыңыз;
– Қауіпсіз орын табыңыз, жоғарғы қабаттарда негізгі тірек қабырғалардың бұрышына жасырынған дұрыс;
– Төменгі қабатта болсаңыз, ғимараттан шығыңыз, ал көпқабатты үйлерде жер сілкінісі аяқталғаннан кейін ғана сыртқа шығыңыз;
– Мүмкіндік болса, су, газ және электр қуатын өшіріңіз;
– Алдын ала дайындалған дабыл сөмкесін өзіңізбен алыңыз;
– Электр желілерінен, ғимараттар мен ағаштардан аулақ болыңыз;
– Қайталама дүмпулерге дайын болыңыз;
– Қарттарға, балаларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.

Айта кетейік, күндіз Каспий теңізінде жер сілкінгені хабарланған болатын.