Алматы облысында жеті жасөспірім 7-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді

Фото: pexels.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысында 7-сынып оқушысына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық дерегі бойынша түсінік берді.

Оның айтуынша, күдікті ретінде жеті кәмелетке толмаған жасөспірім анықталған.

– Алматы облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық әрекеттері бойынша түсіп жатқан сұрақтарға байланысты мынаны хабарлаймын: жеті жасөспірім анықталды. Қазір тергеу жүріп жатыр, - деді ол.

Зәкиева сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл және психологиялық қолдау орталығының мамандары дүйсенбіден бастап оқиға орнында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында кәмелетке толмаған қызды бірнеше адам зорлады деген хабар тараған еді.

Желіде тараған видеода әйел мен бірнеше ата-ана мектепке келіп, 7-сыныпта оқитын жетім қыздың зорлық көргенін және мұны басшылықтың жасыруға тырысқанын айтты.

Жамбыл аудандық білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 21 қыркүйекте, жексенбі күні мектеп аумағынан тыс, үйде болған.

Мектеп директоры бұл жағдай туралы 13 қазанда біліп, дереу құқық қорғау органдарына хабар берген.