Алматы облысындағы полицияның учаскелік пунктінде жарықшақтар пайда болған

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылындағы полицияның учаскелік пунктінің қабырғаларында пайда болған жарықшақтардың видеосы шықты. 

Фото: видеодан алынған скрин

Видео авторының жазуынша, Алматы облысында 98 млн теңгеге осындай тірек пункті салынған.

«Мұндағы жарықшақтардан ар жақтағы көше көрінеді. Мынадай ғимаратта жарықшақтардың болуы қауіпті. Бұл Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылы. Масқара», - деп жазды видео авторы.

Алматы облысы полиция департаменті 2 наурыз күні әлеуметтік желіде Қызылқайрат ауылында қабырғасында жарықшақтары бар қызметтік тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктінің видеосы шыққанын хабарлады. 

«Аталған факті бойынша Талғар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарлама жіберілді. Ол бойынша құрылыс салушы нысанды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын бастайды», - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.