Жаңа төрағаны облыстың судьялар корпусына Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев таныстырды. Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, судьялар, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ сот қызметкерлері қатысты.
Аслан Түкиев Жоғарғы Сот төрағасының атынан Нариман Бекназаровты жаңа қызметімен құттықтап, оның сот жүйесіндегі, соның ішінде Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы ретіндегі көпжылдық тәжірибесіне тоқталды.
– Нариман Бекназаровтың күрделі азаматтық-құқықтық және экономикалық дауларды қарауда жинақтаған тәжірибесі Алматы облысында сұранысқа ие болады. Қазіргі жағдайда сот практикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инвесторлардың құқықтарын сенімді сот арқылы қорғау және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыру ерекше маңызды, – деді Аслан Түкиев.
Ол бұл міндеттердің заң үстемдігін, судьялардың тәуелсіздігін және сот шешімдерінің әділдігін сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.
– Өңірдің судьялар корпусы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау, сот төрелігін сапалы жүзеге асыру арқылы облыстың инвестициялық тартымдылығын нығайтып, сот билігінің беделін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады деп сенемін, – деді ол.
Ресми бөлімнен кейін Аслан Түкиев Алматы облыстық сотының жаңа ғимаратының құрылыс алаңына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Нариман Бекназаров 1982 жылы Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін, 2006 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын тәмамдаған.
Еңбек жолын сот және прокуратура органдарында бастап, әр жылдары Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының төрағасы қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бері Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болды.
Айта кетейік, Әлібек Ахметов Ақтөбе облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды.