Алматы-Өскемен трассасында автобус пен жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші қаза болды

Фото: Абай облысы ПД

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Абай облыстық ПД баспасөз қызметі.

2025 жылғы 23 желтоқсанда шамамен сағат 08:20–да Алматы — Өскемен автожолының 681-шақырымында Yutong маркалы автобус пен КамАЗ-5320 жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді.

— Автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Үш адам медициналық мекемеге жүгініп, тексеруден кейін үйлеріне жіберілді. Аталған дерек бойынша жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері мен сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейді, — делінген хабарламада.

Фото: Абай облысы ПД

Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерге ескерту жасады.

 — Белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз, қарсы бағытқа шықпаңыз, көлік құралын тек демалып алған жағдайда ғана басқарыңыз. Есіңізде болсын, рөлдегі әрбір әрекетіңіз айналаңыздағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, — деп түсіндірді ведомство.

Бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысындағы жол апатынан 2 адам көз жұмғаны белгілі болды.