Алматы полициясы Азамат Доланбаевқа іздеу жариялады

Фото: Фото: Алматы қаласы ПД

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының тәртіп сақшылары танымал кәсіпкер Азамат Доланбаевты іздестіріп жатыр.

Полиция департаментінің мәліметінше, ол адамның денсаулығына ауыр дене жарақатын келтірді деген күдікке ілінген.

— Медеу аудандық полиция басқармасы Д .есімді азаматты іздестіріп жатыр. Оған іздеу жарияланды. Сот 2 ай мерзімге «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялады, — деп хабарлады департаменттен.

Қазіргі уақытта полиция күдіктінің тұрған жерін анықтау және оны ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда есірткі таратқан 21 жастағы шетелдік ұсталғанын жазғанбыз.