Алматы тау кластерін дамытуға 526 млрд теңге жұмсалады

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы 2025-2029 жылдарда жүзеге асырылатын жобаларды қамтиды. Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Алматы тау кластері туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Кешенді жоспар 526 млрд теңге сомасына инфрақұрылым құру, инвестициялық жобаларды іске асыру, саланы ілгерілету және цифрландыру бойынша 73 іс-шараны қамтиды, — делінген хабарламада.

Жоба аясында тау шаңғысы курорттары кеңейтіледі және бірыңғай жүйеге біріктіріледі.

— 30 аспалы жол және 161 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұл бір жылда 5 миллион турист келуіне мүмкіндік береді. Оның 1,7 миллионы шетелдік саяхатшы болады деп болжанып отыр, — делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 101,8 мың адамға, ал төленетін салық мөлшерін жылына 117,3 млрд теңгеге жеткізу көзделеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы тау кластерін дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарыла бастағанын жазғанбыз.