Алматы тауларында биыл 700 адам құтқарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тауға шығатын туристер мен тұрғындар жыл санап артып келеді. Бірақ онымен қоса, құтқарушылардың көмегіне жүгінетіндердің саны артқан.

Фото: видеодан алынған скрин

Алматы қаласы ТЖД басшысы Дамир Ермағамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері Алматы қаласының таулы аймақтарында 430-дан астам іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 145 кәмелетке толмаған баланы қоса алғанда, шамамен 700 адам құтқарылған. Сонымен қатар, 123 адам жарақат алған.

— Таудағы қауіпсіздік әр туристің жауапкершілігінен басталады. Жолға шықпас бұрын маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеріп, өзіңіздің физикалық мүмкіндіктеріңізді бағалау қажет, — деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Дамир Ермағамбетов.

Қазір қысқы маусымға құтқару қызметтерінің дайындығын арттыру мақсатында Алматыда жалпы саны 194 адамнан тұратын екі кәсіби құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың қарамағында 60 техника және екі тікұшақ бар. Одан бөлек іздестіру-құтқару жұмыстарына Альпинизм федерациясы мен Ерікті құтқару қызметінің 100-ден астам еріктісі тартылады.

Еске салайық, Алматыда тауға шығатын сапары туралы алдын ала хабарлауға мүмкіндік беретін Almaty Hike онлайн-сервисі іске қосылды.