Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шетел азаматы 28 қыркүйекте туристер тобымен бірге «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы тауға көтерілген. Кейін ол топтағы адамдарға маршрутты өздігінен жалғастырып, қалаға өзі қайтатынын айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.
29 қыркүйекте оның жоғалғаны туралы ақпарат «112» пультіне түскен. Сол күні ТЖМ іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап, алматылық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы құрылды.
Іздеуге ТЖМ бөлімшелері, Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары, іздеуші иттер, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының «Барыс» тобы, полиция қызметкерлері және «ДСС» еріктілері тартылған.
Сонымен бірге, жетуі қиын аумақтар 7 дронның көмегімен тексеріліп жатыр. Мамандар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, аталған аумақта болған туристерден сұрау жүргізген.
ҚР ТЖМ «Қазавиаспас» тікұшағы Сол Талғар, Богданович мұздығы және оған іргелес шатқалдар аумағын әуеден шолып шықты. Мамандар тау маршруттары, шыңдар мен асулар бағыттарын да тексеріп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, таудағы іздеу жұмыстарына жер бедерінің күрделілігі мен биіктік кедергі келтіріп отыр. Құтқарушылар таулы аймақты тәулік бойы аралап, туристі іздеуді жалғастыруда.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған екі ер адамның денесі табылды.