Іс-шара барысында қалалық туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова цифрландыру жылы аясында жаңа ұсыныстар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазір мегаполисте пилоттық режимде Smart Tourist жаңа қосымшасы іске қосылған.
— Бұл туристерге арналған барлық қызметті біріктіретін бірыңғай платформа. Бір жерден әртүрлі мәдени орындарға билет сатып алуға болады. Одан бөлек бірыңғай Smart Pass бар — бұл көптеген нысанды аралауға мүмкіндік беретін билет. Сондай-ақ eSIM, AI-гид сияқты қызметтер қолжетімді, — деді ол.
Ғалия Тоқсейітова қосымшаның ішіне еліміздегі танымал такси қызметі біріктірілгенін айтты. Турист үшін билет алу не такси шақыру үшін бірнеше қосымша жүктеудің қажеті жоқ. Барлығы Smart Tourist қосымшасында жинақталған.
— Қазір біз геймификация бойынша жұмыс істеп жатырмыз, яғни Алматыны қызықты аралау жолын ұсынамыз. Біз бұл бөлімді «Алмосфера» деп атадық, ол квест-ойын арқылы қаланың көрікті жерлерін қамтитын болады, — деді ведомство басшысы.
Қазір қосымша тексеріліп жатыр. Ал маусым айында жаппай өнім ретінде іске қосылмақ.
Еске салайық, Алматыда туристерге арналған қосымша былтыр іске қосылуы тиіс еді. Ол кезде платформа SuperApp деп аталды.