АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко Алматы ATP 250 турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған отандасы, рейтингіде 111-орында тұрған Михаил Кукушкинмен сынға түсті.
Қос қазақстандық теннисшінің кездесуі екі тай-брейкте шешілді – 7:6 (7:5), 7:6 (7:4). Жеңіс Шевченконың еншісінде кетті.
Екі сағат 23 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Шевченко 8 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Кукушкин 4 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін рейтингіде 139-сатыдағы ресейлік Аслан Карацевпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Алматы турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).