Алматыда 1 ай бұрын жөнделген жол неліктен қайтадан қазылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тұрғындары жақында жөндеуден өткен жолдардың қайта қазылуына наразылық білдірді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Желі қолданушыларының бірі қалада жөнделгеніне 1 ай болмаған жаяу жүргіншілер жолының құбыр салу үшін қайта қазылғанын жазған.

— Неліктен жаңа тротуарды құбыр салу үшін бұзып жатыр? Неліктен бұл жұмыстар алдын ала істелмеген, — деп жазды ол.

Аталған жазбаға пікір білдірген өзге тұрғындар да ұқсас жағдайға куә болғандарын айтқан. Мәселен, бірі Гагарин-Солодовникова көшесінде жазда асфальт төселіп, күзде құбыр жүргізу үшін қайта бұзылғанын жазған. Екінші тұрғын Жароков-Дунаевский көшелерінің қиылысында алдымен төсемтас салынып, кейін қайта қазылғанын мәлімдеді.

Аталған жазбаға Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді.

— Бұл мекенжайда қазір трансформаторлық қосалқы станцияға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақты абаттандыру бойынша қалпына келтіру жұмыстарын, оның ішінде асфальт-бетон жабынын қалпына келтіруді мердігер ұйым кепілдік міндеттемелер шеңберінде орындайды. Барлық жұмыстар, соның ішінде жолды қалпына келтіру 2026 жылдың 10 қарашасына дейін аяқталады, — делінген ведомство жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда теміржол вокзалының аялдамалары неліктен сүрілгенін жазғанбыз.