Алматыда 1000 түп алма ағашы отырғызылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда жаппай ағаш пен гүл отырғызу науқаны басталды. Мәдениет саласының өкілдері театрлар мен музейлердің, кітапханалар мен архив, зообақ пен цирк аумағына, сондай-ақ қаладағы саябақтар мен скверлерде 1000 түп алма ағашын отырғызуды жоспарлап отыр.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына ұлт жанашыры, халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов қолдау көрсетті. Ол «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдына алма ағашын отырғызып, экологиялық шараның қаланың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды екенін жеткізді.
«Бұл – жақсы қасиеттерді насихаттайтын, ынтымақ пен ауызбіршілікке шақыратын және мейірімділікке баулитын үлкен іс-шара. Мен 82 жаста болсам да, ортақ мүддеміз үшін азаматтық белсенділік танытып, ағаш отырғызуға келдім. Әсем Алматымызды көркейту жолында қала тұрғындары ғана емес, қонақтары да атсалысуы қажет. Мұндай бастамаларды қолдаған дұрыс деп ойлаймын. Алматы экологиялық мәдениет жоғары дамыған қалаға айналуға тиіс. Соған тырысуымыз керек», – деді Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов.
Сондай-ақ театр алдына мәдениет саласының басқа да танымал өкілдері өз атынан алма көшетін екті. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдына барлығы 60 ағаш және 2500 гүл отырғызылды.
Бұған қоса, Алматы хайуанаттар бағының аумағында сала қызметкерлері 250 түп шомырт, мамыргүл, тал, талшын, бадам, жаңғақ және көктерек отырғызды. Ал Қазақ мемлекеттік циркінің аумағында 70 көшет және 40 гүл, қалалық музейлер аумағында 130 ағаш және 400-ден астам гүл отырғызылды.
Айта кетейік, 27 сәуір күні Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында жаппай алма көшеттері егіледі. «Алматы – бақ қала» акциясы барысында барлығы 7 705 жасыл желек, оның 4 015 жеміс (3 855 алма ағашы) және 1 090 жапырақты ағаш, 2 600 бұта (сәнтал, ырғай, қабыржық, қаржеміс және т.б.) отырғызылды.
Бұған дейін Алматы тауларына 500 өрік көшеті отырғызылғаны туралы жазған едік.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы мегаполиске жасаған іс сапары барысында Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруды тапсырған болатын.
«Мен Қазақстан бойынша 2 миллиард түп көшет отырғызу бастамасын ұсындым. Өйткені біз, шын мәнінде, көгалдандыруға зәруміз. Алматы бұрын жасыл қала еді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бұл мәртебесін жоғалтып алды. Айырылып қалған мәртебемізді қайтаруымыз керек. Ағаш егу – биік мәдениеттіліктің белгісі», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, 12 сәуір күні Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысы барысында, Таза Қазақстан – көзбояушылық жасайтын сенбілік емес екенін баса айтқан болатын.
«Су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.