Алматыда 12 жеке үй сүріліп, орнына жаңа тұрғын үйлер салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйлерді реновациялау жобасына инвесторлар іздестіріліп жатыр.

Фото: spkalmaty.kz

Инвестор жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге бағаланған тұрғын үйлерді сатып алып, олардың орнына жаңа үйлер салуы тиіс.

Хабарландыруды қаланың тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасының әкімшісі – «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жариялады.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, №16 нысан Бостандық ауданында орналасқан. Жоба аясында Тлендиев, Кіші Абай, Прокофьев көшелері мен Абай даңғылының қиылысындағы 12 жеке тұрғын үйді бұзу жоспарланып отыр. Аумақтың жалпы көлемі – 1,5 гектар.

Оларды сатып алудың болжамды құны 1,8 млрд теңгеге бағаланған. Ал жұмыстың бірінші кезеңін бастау үшін инвестордың 350 млн теңге қаражаты болуы жеткілікті.

Шарт бойынша реновация жобасын жүзеге асыру мерзімі 36 айдан аспауы керек. Оның ішінде тұрғын үйлерді сатып алып, меншік иелерін көшіруге 12 айдан артық уақыт берілмейді. Болашақ тұрғын үйлердің құрылыс жобасы мен қабат саны егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕЖЖ) сәйкес айқындалады.

Әлеуетті инвесторлардан өтінімдер 2026 жылғы 19 қараша күні сағат 17:00-ге дейін қабылданады. Ал біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды 20-26 қараша аралығында тапсыру қажет.

Іріктеуге біліктілік талаптарына сай келетін заңды тұлғалар мен заңды тұлғалар консорциумдары қатыса алады. Үміткер компанияларге қойылатын талаптар:
* Соңғы үш жылда шығынсыз жұмыс істеуі,
* Қазақстанда кемінде екі жыл құрылыс тәжірибесі болуы,
* Пайдалануға берілген тұрғын үйлерінің жалпы ауданы кемінде 10 мың шаршы метрді болуы тиіс.

Сонымен қатар I және/немесе II санаттағы құрылыс-монтаж жұмыстарына арналған лицензиясы болуы керек. Компания банкроттық рәсімінде болмауы, салық берешегі, мүлкіне салынған тыйымдар мен сот даулары болмауы тиіс. Сондай-ақ басшылық құрамында сотталған адамдар болмауы қажет.

Еске салсақ, Алматыдағы қараусыз қалған «Жас Отау» неке сарайы электронды сауда-саттыққа шығарылған еді.