Алматыдағы неке сарайы тағы да сенімгерлік басқаруға берілмек
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы қараусыз қалған «Жас Отау» неке сарайы электронды сауда-саттыққа шығарылды.
Нысан e-Qazyna.kz электронды сауда алаңында орналастырылған.
2 қабатты ғимарат Абай даңғылы, 101А мекенжайында орналасқан. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асады. Нысанмен бірге жаңа басқарушыға субұрқақ та беріледі.
Екінші қабатында жартылай дөңгелек балкон, оны тіреп тұрған ірі ақ бағандар бар. Төменгі бөлігінде тас қоршаулы салтанатты баспалдақ, биік терезелер мен шыны кіреберіс орналасқан.
Алайда ғимараттың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Қабырғаларындағы сылақ опырылып, арматурасы ашылып қалған. Карниздің сәндік элементтері де бүлінген. Бірінші қабат пен балконның аумағы құрылыс қалдықтары салынған қаптар мен қоқысқа толы.
Сонымен қатар неке сарайы сатылмайды, ол 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі.
Жаңа басқарушы 12 қарашада анықталмақ. Бұл үшін өтінім берушілер болуы керек.
Жаңа басқарушыға қойылатын талаптар
Сенімгерлік басқару туралы үлгілік шартта болашақ басқарушыға бірқатар міндет жүктелген:
* нысанға кемінде 1 миллиард теңге инвестиция салу;
* басқарудан түскен таза кірісті жергілікті бюджетке аудару;
* мүлік пен жер салығын өз есебінен төлеу;
* шарт талаптарын бұзған жағдайда келтірілген залалды өтеуге міндетті.
Сонымен қатар жаңа басқарушы бір жыл ішінде ғимараттың қасбетін қалпына келтіріп, терезелері мен витраждарын ауыстыруы керек. Жөндеу кезінде нысанның тарихи келбеті сақталуы тиіс.
Бұдан бөлек, жылыту және сантехника жүйелерін ауыстыру, шатыр мен күмбезді жөндеу, жаңа жабдықтар мен жиһаз сатып алу міндеттелген.
Басқарушы бір жылдың ішінде демалыс аймағын (аллея немесе шағын сәулет нысандары бар сквер) абаттандырып, аумақты көгалдандыруы және автоматты суару жүйесін орнатуы қажет. Сондай-ақ Есентай өзені арқылы өтетін көпірді де ретке келтіруі тиіс.
Ғимарат ішіндегі орындарды жалға беруге және одан табыс табуға рұқсат етіледі. Алайда бұл нысанның қолданыстағы мақсатына сәйкес жүзеге асырылуы керек. Ал ғимаратты сатуға, кепілге қоюға, сыйға тартуға болмайды.
Бұған дейін бірнеше рет сенімгерлік басқаруға берілді
2023 жылға дейін ғимарат жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған. Алайда компания өз міндеттемелерін орындамағандықтан, келісімшарт сот арқылы бұзылды.
2023 жылдың қазанында нысан қала балансына қайтарылды. Ал 2024 жылы басқа бір ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілді. Бірақ 2026 жылы бұл компаниямен жасалған келісімшарт та міндеттемелердің орындалмауына байланысты бұзылды.
Содан соң сенімгерлік басқаруға берілген неке сарайы қалаға қайтарылды.