Алматыда 15 мың тұрғын ЖРВИ мен тұмау жұқтырған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы ЖРВИ мен тұмау аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Алматының бас санитариялық дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы айтты.
Оның сөзінше, өткен аптада жіті респираторлық вирустық инфекцияларымен (ЖРВИ) 15050 адам сырқаттанған. Оған дейінгі аптада ауру жұқтырғандар саны 15594 болды.
— Тұмауға шалдыққандардың басым бөлігі балалар — 54,7%, яғни 8234 жағдай. Қаланың 155 мектебінде оқушылар арасында ЖРВИ-мен сырқаттанудың 458 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ қалада А/H3N2 типті (гонконг) тұмау вирусы, риновирус, парагрипп, аденовирус, маусымдық коронавирус сияқты басқа да тұмауға жатпайтын ЖРВИ вирустары айналымда бар, — деді департамент басшысы.
Еске салайық, Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі 16 есе азайды.
Биыл қаңтарда Алматыда 12 мың адам тұмау мен ЖРВИ жұқтырғанын жазғанбыз.