Алматыда 1,5 млрд теңгеге салынған крематорий неге жұмыс істемей тұр

Фото: er-ai-construction.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсап салынған крематорий Денсаулық сақтау министрлігіне керек болмай қалды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв Instagram-дағы парақшасында айтты. 

Депутаттың айтуынша, 2021 жылы салынған крематорий әлі күнге дейін іске қосылмай тұр. 

– Себеп – әлі күнге дейін крематорийді қарауына алатын ұйым анықталмаған. Сондай-ақ оның Денсаулық сақтау министрлігіне қажет болмай қалғаны белгілі болды. Жерлеу қызметтері бюросымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді Сергей Пономарёв.

Депутат крематорий үлкен қала үшін маңызды нысан екенін тілге тиек етті. Мұнда Чехияда жасалған газбен істейтін екі пеш бар. Барлық инженерлік желі тартылған.

– Мұндай крематорий қажет, өйткені биологиялық және медициналық қалдықтар өте көп. Күн сайын мұнда 16 мәйітті кремациялауға болады. Пандемия, эпидемия кезінде мұндай нысан өте қажет болады. Алматы халқының саны шамамен 10-15 жылдан кейін 7,5 млн адамға жететінін ескеру қажет, – деді ол.

Бұған дейін Алматы әкімдігі крематорий құрылысын жүргізген мердігерді сотқа берген болатын

Еске салайық, 2020 жылдың жазында крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға тендер жарияланған болатын