Алматыда 180 мың литрден астам өнім мен 1 млн-нан аса қорап контрафакт тәркіленді

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына қарсы жүргізілген тексерістер нәтижесінде ірі көлемдегі алкоголь, темекі және мұнай өнімдері тәркіленді. Бұл туралы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың он айында жүргізілген рейдтер мен талдау шаралары барысында заңсыз өнімдерді тасымалдау және сақтау фактілері жиілеген.

Нәтижесінде төмендегі көлемдегі контрафакт анықталып, айналымнан алынды:
• 180,2 мың литр алкоголь өнімі;
• 1 млн-нан астам қорап темекі;
• 10 мың тоннадан астам мұнай өнімі.

Департамент құқық бұзушылықтың басым бөлігі лицензиясыз сауда жасау, тауарға ілеспе құжаттардың болмауы және темекі өнімдерінің таңбаланбауы сияқты заң талаптарын өрескел бұзумен байланысты екенін атап өтті.

Заңсыз өнімдерді анықтау электронды ақпараттық жүйелердегі (ЭШФ АЖ, ТТҚ АЖ, СӘИЖ, E-лицензиялау) деректерді талдау, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер мен азаматтардың шағымы аясында жүргізіледі.

Айта кетейік, тұрғындар алкоголь мен темекі өнімдерінің түпнұсқалығын e-Sapa және NAQTY ONIM мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.

Еске салайық, бұған дейін Қонаевта акцизделмеген 4 тоннадан астам алкогольдік өнім жойылғанын жазған едік.