Алматыда №19 бағытта жаңа электр автобустары жолға шығады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 22 маусымнан бастап тағы бір бағытта жаңа электр автобустары жүреді.
Алматы қаласының мобильділік басқармасынан мәлім еткендей, мегаполисте қоғамдық көлік жүйесін дамыту және экологиялық ахуалды жақсарту аясында қала автобустары жаңартылып жатыр. «City Bus» жекеменшік автопаркі «Skywell» маркалы электр автобустарын сатып алды.
— Жолаушылар тасымалдауға арналған бұл төмен еденді, кең сыйымдылықты электр автобустар бір қуатпен 400 шақырымға дейін жүре алады. Олар дыбыссыз қозғалады, бейнебақылау камералары, ауа баптағыш, USB-қуаттағыш порттары, жүргізушіні бақылау жүйесі және өзге де заманауи жүйелермен жабдықталған, - деп хабарлады басқармадан.
Жаңа автобустар 2025 жылы 22 маусымнан бастап №19 бағыт бойынша, яғни «Нұркент тұрғын үй кешені – Алматы көшесі» аралығында жолаушы тасымалдай бастайды. Сонымен қатар бұл бағыттағы жолға шығатын автобустар саны 16-дан 18-ге дейін арттырылмақ.
Айта кетейік, биыл әкімдік газбен жүретін қосымша 600 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, жеке тасымалдаушылар тарапынан 800 газбен жүретін автобус және 118 электробус сатып алу көзделген.
Осыған дейін №101 бағытты екіге бөлу арқылы жаңа автобус маршруты ұйымдастырлғаны туралы жазғанбыз.