Алматыда жаңа электр автобустары жолға шығады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 18 қаңтардан бастап жаңа электр автобустары №98 бағытта жолға шығады.

«Golden Dragon» маркалы төмен еденді электр автобустары 300 км диапазонға ие, үнсіз, кондиционерлермен, бейнебақылау камераларымен және басқа да заманауи жүйелермен жабдықталған. Бұл автобустар №98 маршрутта «Райымбек» метро станциясы - «Бай-Тал» ТК қатынайтын болады.
Алматы қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Құмарғазин қоғамдық көлікті дамыту жөніндегі жұмыстардың арқасында қалада жыл сайын жолаушылар ағыны өсетінін және күніне 1,6 млн жуық сапар жасалатынын атап өтті.
— Алматы агломерациясымен көліктік байланысты қамтамасыз ету үшін өткен жылы біз 20 жаңа қала маңындағы маршруттарды ұйымдастырдық. Қаланың 2030 жылға дейінгі көлік құрылымын дамыту жөніндегі шеберлік жоспары аясында көктемде Желтоқсан көшесі мен Райымбек даңғылының бойында екі BRT желісін салуға кірісеміз. Сондай-ақ әкімдік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған тасымалдаушыларды субсидиялаудың жаңа қағидаларын әзірледі, - деді ол.
Өз кезегінде «City Bus» автобус паркінің директоры Данияр Байғабатов компания 14 электробус сатып алғанын жеткізді.

Осы жылы Алматыда әкімдік және жеке тасымалдаушылар 800 газ автобусы мен 260 электробус сатып алуды жоспарлап отыр, бұл автобустардың орташа пайдалану мерзімін 2 жылға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін Алматыға электрмен жүретін 200 автобус сатып алынатыны туралы жазған едік.
Сондай-ақ былтыр Алматы әкімдігі көлік құрылымын 2030 жылға дейінгі дамыту жөніндегі шеберлік жоспарын бекіткен болатын.