Алматыда 2 жылда жасыл желектің жағдайы зерттеуден өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жыл сайын 320 мыңдай ағаш пен бұта отырғызу көзделген.
Kazinform тілшісі Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасына сауал жолдап, мегаполистің «жасыл қала» атағын қайтару үшін қандай жұмыс істеліп жатқанын сұрады.
Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының «Жаңа рекреациялық аймақтар құру және өзен арналары бойын көгалдандыру арқылы 2,5 миллион жасыл желек отырғызу» жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 2030 жылға дейінгі Жол картасы бекітілген. Бұл жоспар бойынша қалада жыл сайын 320 мыңнан кем емес ағаш пен бұта отырғызу көзделген. Сондықтан 2023 жылы 323 мың ағаш, 2024 жылы 320 мың көшет отырғызылған.
— Биыл биіктігі 4–6 метр болатын ірі өлшемді ағаштар отырғызылады. Мұндай ағаштар бірден әсерлі көрініс беріп, алғашқы жылдары-ақ жетілген, тұрақты экожүйе қалыптастырады. 2023 жылы қабылданған Алматы қаласының жасыл желектерін ұстау және қорғау қағидаларына сәйкес, көшеттердің сапасына және суару жүйесінің ұйымдастырылуына қойылатын талаптар белгіленген. Мердігер ұйымдар жапырақты ағаштарды кемінде 2,5 м, ал қылқан жапырақты ағаштарды кемінде 2 м биіктікте, табиғи топырақ комымен отырғызуға міндетті, — деп хабарлады басқармадан.
Көгалдандыру жұмыстары негізінен өзендер мен су қоймалары бойында, автомагистральдар жиегінде және жалпы пайдаланудағы бос аумақтарда жүргізіледі. Ведомство жауабына сәйкес, көбіне экологиялық мәселесі өршіген — ЖЭО санитарлық-қорғау аймағы, «Батыс» зираты және қаладағы индустриалды аймақтарға ерекше назар аударылады.
Дендрологиялық жоспар әзірленеді
Одан бөлек Алматы қаласының Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы қаладағы жасыл желектерді түгендеу және орман патологиялық зерттеу жұмыстарын бастап кеткенін хабарлады. Атап айтқанда, әр аудан бойынша дендрологиялық жоспар әзірленбек. Жобаның мерзімі — 2025–2026 жылдар. 2025 жылы Алмалы, Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандары қамтылады. 2026 жылы — Медеу, Бостандық, Әуезов және Наурызбай аудандары.
— Бағдарламаның мақсаты — қаладағы жасыл желектердің қазіргі жай-күйін кешенді бағалап, күтім шаралары бойынша нақты ұсыныстар мен іс-шаралар жоспарын әзірлеу. Бұл қатарға ағаштарды қырқу, емдеу, қураған немесе ауру ағаштарды кесу және жаңа отырғызу учаскелерін анықтау жатады, — делінген ведомство жауабында.
Экология басқармасы жасыл желек 2018–2019 жылдары соңғы рет түгендеуден өткенін, алайда қаланың жылдам дамуына және Алматы қаласының 2024 жылға дейінгі Бас жоспарының қабылдануына байланысты бұрынғы мәліметтер өзектілігін жоғалтқанын атап өтті. Сондықтан орта мерзімді (5–10 жылдық) көгалдандыру стратегиясын анықтау үшін жаңа дендрологиялық жоспар әзірлеу қажет.
— Сонымен қатар қоғамдық ұйымдар мен аудандық әкімдіктердің мамандарымен бірлесе отырып, ағаштардың жерсіну деңгейі, денсаулығы және өсуіне әсер ететін факторлар бойынша жүйелі түрде тексеру жүргізіледі. Мұндай тәсіл су тапшылығы, зиянкестер немесе аурулар сияқты тәуекелдерді ерте анықтап, оларды жою үшін жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, — делінген экологтар жауабында.
Еске салайық, Алматыда қоғамдық кеңістікті көгалдандыруға тегін көшет берілген.