Алматыда 20 жыл құжатсыз жүрген зейнеткер жеке куәлік алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының көші-қон қызметінің қызметкерлері 20 жыл құжатсыз өмір сүрген әйелге көмектесті.
Қазақстан полициясы күніне арналған науқан аясында Алматы көші-қон қызметінің қызметкерлері қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетіп жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, науқан кезінде 20 жыл бойы тиісті құжаттарсыз өмір сүріп келген 1964 жылғы әйел анықталды.
– Құжаттың ұзақ уақыт болмауына 1974 жылғы үлгідегі кеңестік «қызыл» төлқұжаттың жоғалуы себеп болған. Әйел қиын жағдайға тап болған: ол зейнетақы төлемдерін рәсімдей алмады, тұрақты баспанасы болмады. Көші-қон қызметі көмегінің арқасында, қажетті растайтын құжаттарды жинақтағаннан кейін әйел Қазақстан Республикасының азаматы болып танылып, жеке куәлік берілді, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО тұрғыны 30 жылдан астам уақыт еш құжатсыз өмір сүргенін жазғанбыз.