Алматыда 4 мыңға жуық шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзған

Фото: Фото: Pixabay

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ҚР көші-қон заңнамасын бұзуды анықтау және жолын кесу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар өтіп жатыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері қалаға 23 мыңға жуық шетелдік келген.

– Алматы – инфрақұрылымы дамыған, өзіндік мәдениеті бар шаһар, сондықтан алыс, жақын елдерден келген шетелдіктердің қызығушылығын оятады. Көші-қон ағыны жыл сайын артып келеді. Бұл экономикаға оң әсерін тигізсе де, қылмыстық жағдайға кері әсерін тигізіп жатыр. Яғни, құқық бұзушылық саны өсіп келеді. Ауыр қылмыс тіркелуде. Мәселен, Алматының Түрксіб ауданында шетел азаматы өзінің танысын өлтірген. Ал Медеу ауданында Үндістан мен Пәкістанның екі азаматы синтетикалық есірткі шығаратын зертхана ұйымдастырған. Шетелдік студенттердің қатысуымен болатын төбелестер де көптеп кездеседі, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Оның айтуынша, Алматыда ҚР Көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар өтіп келеді. Мысалы, жыл басынан бері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылса, оның 4 мыңға жуығы шетелдіктер. Жалпы, сот шешімімен 682 шетелдік елден шығарылды. Осыған байланысты Алматы полициясы елге келетін шетел азаматтарына ҚР заңнамасын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.

Бұған дейін Алматыда заңсыз жүрген Африканың 15 азаматы елден шығарылғанын жазғанбыз.

Сондай-ақ Алматыда есірткі дайындап, таратқан Пәкістан, Үндістан азаматтары ұсталған болатын.