Алматыда 8 келі метамфетамин тәркіленіп, күдікті қамауға алынды
09:12, 26 Ақпан 2026
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті шет мемлекеттің құзыретті органдарымен бірлесе халықаралық есірткіге қарсы операцияны жүзеге асырды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті.
Бірлескен әрекеттердің нәтижесінде Алматы қаласында 8 кг синтетикалық «метамфетамин» затын алу кезінде Қазақстан азаматы ұсталды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сот санкциясымен ұсталған адамға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК мен ІІМ бірлескен операциясы нәтижесінде қылмыстық топтың 20 мүшесі қолға түскен еді.