Алматыда 86 жүк көлігі айып тұрағына қойылды

АЛМАТЫ.KAZINFORM – Алматыда 2026 жылдың он айында жол қозғалысы ережелерін бұзған 25 996 жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Қазір қалада 48 958 жүк көлігі тіркелген. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында полиция көліктердің техникалық жағдайын, құжаттарын, тіркеу нөмірлерінің талаптарға сәйкестігін және экологиялық нормалардың сақталуын тексеріп жатыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 25 996 жүк көлігі жол ережесін бұзды. Соның ішінде 86 жүк көлігі айып тұрағына қойылып, 222 жүргізушінің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері алынды.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі профилактикалық жұмыстар жол қауіпсіздігін арттыруға, қоршаған ортаға келетін зияннан қорғауға бағытталғанын айтады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 9 мыңнан астам электросамокат айып тұрағына қойылған еді.