Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі уақытша жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жылу желілерін жөндеуге байланысты Абай даңғылы бір түнге жабылады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Абай даңғылының кейбір учаскесінде жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
— Осыған байланысты 13 маусым сағат 23:00–ден –14 маусым таңғы сағат 08:00–ге дейін Абай даңғылының бойындағы № 26 үйден бастап Саин көшесіне дейін батыс бағыттағы автокөлік қозғалысы шектеледі, — делінген хабарламада.
Жөндеу жұмыстары кезінде көліктерге автобус жолағымен жүруге рұқсат етіледі. Шығыс бағытына қарай қозғалысқа шектеу қойылмайды.
Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі. Осы жылы қала бойынша 39 км жылу трассасын жаңғырту көзделген. Бұл тозу деңгейін 54 пайызға төмендетеді.
Осыған дейін Алматыда бірнеше көше қыркүйекке дейін жабылғаны туралы жазғанбыз.