Алматыда Абай, Рысқұлов және Саин көшелерін ұзарту жұмыстары қалай жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейін ұзарту арқылы биыл көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта ҮАААЖ-ына дейін 6 радиалды магистраль көшені ұзарту жоспарланған. Оның ішінде: Абай және Рысқұлов даңғылдары, Саин, Тілендиев, Ақан Сері көшелері мен Солтүстік айналма көшесі бар.

Қазір Абай және Рысқұлов даңғылдарын, сондай-ақ Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобаларының құрылыс дайындығы шамамен 50%-ға жеткен. Жоба аясында Ақсай өзеніндегі көпірлерді, ҮАААЖ мен теміржол желілері арқылы өтетін жол өткелдері секілді жасанды инженерлік құрылыстар салынып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Сонымен қатар жер телімдерін сатып алу жұмыстары жалғасып келеді. Абай даңғылы бойынша 82 жер учаскесінің 71-і, Рысқұлов даңғылы бойынша 190 жер учаскесінің 172-сі сатып алынған. Ал Саин көшесі бойындағы жер телімдерін сатып алу рәсімі толық аяқталған.

— Былтыр қала бюджеті есебінен облыс аумағындағы жер учаскелерін сатып алу жұмыстарын аяқтап, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі жолды өз күшімізбен аяқтау туралы шешім қабылдадық. Барлық жоба біздің қарамағымызға берілді. Қазір оларға түзетулер енгізіліп жатқанымен, құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Қажетті қаржы толық қарастырылған, мердігер ұйым анықталған. Сондықтан биылдың өзінде Абай даңғылы мен Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту арқылы көлік қозғалысын қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Алматы әкімі Дархан Сатыбалды.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Тілендиев көшесін ұзартуға алынатын жер телімдерінің тізімі ұлғайғанын жазғанбыз.