Жаңа нысан жұмысын бастап кетті. Алайда баптау-іске қосу жұмыстары аяқталған соң, ол толық қуатына шығады. Алдағы уақытта Алматы қаласы Наурызбай ауданының батыс бөлігі мен Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғындарын — жалпы 150 мыңға жуық адамды сумен қамтамасыз етпек.
Су тарту кешенінің жобалық қуаты — тәулігіне 22 мың текше метр ауыз су беруге есептелген. Бастапқы жоспар бойынша нысан 2025 жылдың қараша айында іске қосылуы тиіс еді. Дегенмен, іс жүзінде су беру кезең-кезеңмен 2026 жылдың мамыр айында басталды.
Энергетика және сумен қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары м. а. Темірлан Жапарбектің айтуынша, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары қазір толық аяқталған. Кешеннің барлық негізгі құрылыстары бой көтеріп, технологилық қондырғылар толық орнатылған.
Ауызсу қалай тазаланады
Бүгінде нысанда «Алматы Су» кәсіпорнымен бірлесіп жер үсті көзінен үнемі су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан әрі су ұзындығы 5,9 шақырым болатын магистральды құбыр арқылы тазарту станциясына су түсіп, онда толық тазарту циклінен өтеді. Мамандар технологиялық резервуарларды толтырып, бүкіл жүйені бақылау мақсатында дезинфекциядан өткізеді.
Қолданыстағы бекітілген нормаларға сәйкес, баптау-іске қосу жұмыстарының ұзақтығы құрылыс аяқталғаннан кейін 5 айға жалғасады. Олар толық аяқталған соң, нысан пайдаланушы ұйымға ресми түрде тапсырылады. Энергетика және сумен қамтамасыз ету басқармасының өкілдері жобаның бекітілген кестеге сай жүзеге асырылып жатқанын және жұмыстарды орындау мерзімі кейінге шегерілмегенін атап өтті.
Тұрғындар қазір қанша су алып отыр
Бүгінде «Ақсай» су тарту станциясы мен су тазарту станциясы арқылы тұтынушыларға сағатына 200-ден 600 текше метрге дейін тазартылған су беріліп жатыр. Берілетін су көлемі әзірге нақты мөлшерде емес. Өйткені мамандар құрылғылардың ең оңтайлы жұмыс режимін таңдау үшін жұмыс істеп жатыр.
Баптау жұмыстары барысында судың сапасына, соның ішінде оның лайлылық деңгейіне қарай реагенттер мен флокулянттардың қажетті мөлшері анықталады. Барлық сынақ аяқталғаннан кейін станция тәулігіне 22 мың текше метр ауыз су беретін болады.
Жобаның құны
Бұған дейін «Ақсай» су қабылдау құрылысының құны 29,7 млрд теңге болғаны хабарланды.
Еске салайық, жыл сайын Алматыда су тұтыну көбейетін уақытта су тапшылығы байқалып келеді. Ал 2040 жылға қарай мегаполис халқының саны 3,6 млн адамға дейін өсуі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін қалада жаңа су қабылдау құрылыстарын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.