Алматыда әлі тоза қоймаған төсеніш тас неге жаңасына ауыстырылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгінде Алматының Абай даңғылында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Видеодан алынған кадр

Тұрғындар тарапынан жаяу жүргіншілер жолынан алынып жатқан төсеніш тасқа қатысты сұрақтар көбейді. Желі қолданушыларының жазуынша, қаланың негізгі көшелерінің бірінен жағдайы жақсы төсеніш тастарды ауыстырудың еш қажеті болмаған.

Бұл сұрақтарға Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. Ведомство мәліметінше, қазір Абай даңғылының Достық даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейінгі бөлігінде «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша кешенді абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында тротуарлардың төсеніш тастарын төзімдірек гранит жабынға ауыстыру көзделген.

— Жоба шеңберінде аумақты көгалдандыру, атап айтқанда: ірі ағаштар, бұталар мен гүл композицияларын отырғызу, автоматты суару жүйесін орнату, сыртқы жарықтандыру мен шағын архитектуралық формаларды жаңарту, сондай-ақ жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен абаттандыру элементтерін заманауи стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары қарастырылған, — деп хабарлады басқармадан.

Сонымен қатар ведомство өкілдері көшеден алынған әрі қайта пайдалануға жарамды төсеніш тастардың жойылмайтынын атап өтті. Материал Алматының аудандық әкімдіктеріне қосалқы көшелер мен аула аумақтарында қайта пайдалану үшін берілмек.

Еске салайық, Алматыда көшедегі жарамды төсеніш тастарды ауыстыруға байланысты сұрақ пен шағым жыл сайын туындайды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Панфилов көшесіндегі жаңа төсеніш тастардың ауыстырылып жатқаны тұрғындардың наразылығын тудырған еді.

Ал биыл 28 панфиловшы саябағының бұрын жөнделген төсеніш тастарының қайтадан ауыстырылуына байланысты сұрақтар туындады.