Алматыда әскери қызметкерлерге қатысты тергеу жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жоғары лауазымды әскери қызметкерлер қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
Әлеуметтік желіде қорғаныс саласында жұмыс істейтін бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Бұл дерекке ҚР Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді.
— ІІМ Әскери-тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабы (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді, — деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны жөнінде жалған мәлімет тараған еді.
Кейін Руслан Жақсылықовты қамауға алды деп хабарлағандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.