Әлеуметтік желіде Алматыдағы ойын-сауық орнында тыныштықты бұзғаны үшін Еңбекшіқазақ ауданы аға прокурорының қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 5 қыркүйекте болған Еңбекшіқазақ ауданының аға прокуроры Әлішер Садықов мас күйінде мекемеде жанжал шығарып, полиция қызметкерлеріне бағынбаған. Содан кейін ол полиция бөлімшесіне жеткізілген. Сондай-ақ оған ешқандай процессуалдық шаралар қолданылмағаны және прокурордың босатылғаны жазылған.
Алматы полиция департаменті жағдайға түсініктеме беріп, расымен жанжал болғанын растады.
— Оқиғаға қатысы барлар Алмалы аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады, — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, төбелес шығарды деген айыппен Qurt лақап атымен белгілі рэпердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.