Алматыда әуежай маңындағы тұрғын үй құрылысы тоқтатылды

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда халықаралық әуежай маңындағы бірқатар тұрғын үй кешенінің құрылысы тексерілді. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, тексеру барысында «Bastion» тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың келісімінсіз және рұқсатсыз жүргізіліп жатқаны анықталды.

— Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, әуе айлағына жақын аймақтарда және белгіленген күзет аумағы радиусында ғимараттардың қабатына шектеулер қойылады. Осы аймақта салынып жатқан барлық нысан тиісті келісім алуға міндетті. Мұндай құжатсыз біз құрылысты тоқтатамыз, қажет болған жағдайда сүріледі, — деді Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Сондай-ақ «Dream City Tech» тұрғын үй кешенінің қасбетін құрылысшылар ешқандай келісімсіз қаптай бастағаны белгілі болды. Қала әкімдігі «Шығыс қақпасы» полиорталығындағы барлық құрылыс нысанының сәулеттік келбеті бекітілген бірыңғай тұжырымдамаға сай болуға тиіс екенін атап өтті.

— Бұл заңбұзушылықтарға байланысты аталған нысандарда барлық құрылыс жұмысын міндетті келісім мен рұқсат алынғанға дейін тоқтату туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда неліктен № 1 қалалық перзентхана ғимараты сүрілетінін жазғанбыз.