Алматыда автобус жүргізушілерінің жұмысын бақылау үшін арнайы қызмет құрылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қоғамдық көлік жұмысына қатысты апта сайын шамамен 800 шағым түседі. Қала тұрғындары көбіне автобусты ұзақ күтетініне, салонның тазалығына, кондиционердің жұмыс істемейтініне, жүргізушілердің әрекетіне наразы.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Осыған байланысты қала билігі тасымалдаушыларға бақылауды күшейтіп, күн сайын желідегі автобустар мен жүргізушілерді тексеретін бақылау-линиялық қызмет құрды.

Алматының жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, қоғамдық көліктегі жолақының бағасын көтеруді қарастырып жатқан жоқ екен. Оның орнына билік тасымал сапасын арттырып, тасымалдаушылар арасындағы тәртіпті күшейтуге назар аудармақ.

— Қоғамдық көлік әрдайым қоғам назарында болғандықтан, сын-пікір де көп айтылады. Біз тұрғындардың өтінішін күн сайын Open Almaty, e-Otinish, әлеуметтік желі мен басқа да ресми арналар арқылы бақылап отырамыз. Көбіне автобусты ұзақ күтуге байланысты, тазалық пен жазда кондиционерге қатысты шағым түседі. Анықталған әр заңбұзушылық бойынша тасымалдаушыға қатысты шара қабылданады, — деді Ержан Диханбаев Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Басқарма мәліметінше, аптасына шамамен 300 өтініш Open Almaty арқылы, тағы 400-і e-Otinish жүйесі арқылы түседі екен. Ең көп шағым қалада үлкен іс-шара өткенде, ауа райы нашарлаған кезде, көлік қозғалысына әсер ететін жол-көлік апаты болған сәттерде тіркеледі.

Бақылауды күшейту мақсатында Алматыда бақылау-линиялық қызмет құрылды. Оның қызметкерлері автобустардың санитарлық және техникалық жағдайын, қозғалыс кестесінің сақталуын тексереді, сондай-ақ жүргізушілердің темекі шегіп, рөлде телефон ұстап, жолаушыларға дөрекілік көрсетіп, аялдамадан өтіп кетуі сияқты заңбұзушылықтарды тіркейді.

«Алматы қаласының ЖҚББО» ЖШС бақылау-линиялық мониторинг қызметінің басшысы Азат Тілеубаев тексерулер күн сайын желіде де, автобус парктерінде де жүргізілетінін айтты.

— Біз қала басшылығының тапсырмасы бойынша қоғамдық көлік жұмысын бақылап отырамыз. Жолақы төлеу ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, автобустың санитарлық жағдайы, аялдамаға тоқтауы мен жүргізу мәдениеті де бақыланады. Әр жүргізуші желіге шығар алдында медициналық тексеруден өтеді. Егер жүргізушінің қан қысымы жоғары болса немесе басқа жағдай болып жатса, оны жұмысқа жібермейді, — деді Азат Тілеубаев.

Қызмет мәліметінше, пилоттық жоба басталғалы бері 989 заңбұзушылық анықталған. Олардың қатарында рөлде ұялы телефон пайдалану, аялдамаларға тоқтамау, билет бермей, қолма-қол ақша қабылдау мен жолаушыларға қызмет көрсету ережесін бұзу бар. Басқармада заңбұзушылық жағы біртіндеп азайып келе жатқанын да атап өтті.

Жүргізушілер құрамын бақылау туралы «Алматыэлектротранс» ЖШС пайдалану жөніндегі бас директордың орынбасары Асхат Әбішев те айтты. Оның сөзінше, жүргізушілерді күн сайын бейнемониторинг пен ұйқысы келгендерді бақылайтын арнаулы жүйелер арқылы тексеріп отырады.

— Бізде жүргізушілердің әрекетін күн сайын бақылайды. Телефон пайдалану, жолаушыларға дөрекілік көрсету мен басқа да заңбұзушылықтар бақыланады. Апта сайын шамамен 70 жүргізуші тәртіптік кеңестен өтеді. Заңбұзушылықтың сипатына қарай ескерту жасаудан бастап қатаң сөгіс пен сыйақыдан айыруға дейінгі шаралар қолданылады, — деді Асхат Әбішев.

Ержан Диханбаев шағымның көп екенін мойындағанымен, автобус жүргізу де қаладағы ең ауыр жұмыстың бірі екенін айтты.

— Жолаушылар тарапынан да арандату болып, кейбірі дөрекілік жасап жатады. Соған қарамастан әдептен аспай, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз, — деді Ержан Диханбаев.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы жолаушыларды заңсыз тасымалдаған 4 333 жүргізуші жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.