Алматыда автобус ішінде жүргізуші әйелді ұрған жолаушының соты кейінге шегерілді

Фото: Фото: Думан Арғынгелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішінде жүргізуші әйелді ұрған А.есімді жолаушының соты 26 наурызға шегерілді.

А. есімді жолаушыға қатысты ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК 351-бабы (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық істі Алматы қаласы Алатау аудандық соты кейінге қалдырды. 

Фото: Думан Арғынгелді

Еске салайық, өткен жылы желтоқсан айында Алматыда № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан әйел есінен танып, көлікті басқара алмай, аялдамада тұрған бір топ адамды қаққан. 

Апат салдарынан 7 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болды. 

Қаза тапқан үш адамның екеуі ерлі-зайыпты ұстаздар болған. Олардың артында 4 баласы қалды. 

Автобус жүргізушісі ұсталып, оған қатысты ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК 351-бабы (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Сондай-ақ оның екі айға қамауға алынғанын хабарлағанбыз.