Алматылықтар кей көше қиылыстарында уақыт көрсететін бағдаршам таблосының алынып тасталғанын байқаған. Одан бөлек тұрғындар бағдаршам жұмысының өзгергенін де әлеуметтік желіде жазып жатыр.
Алматы әкімдігі бағдаршам уақытын көрсететін құрылғының алынуына байланысты түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі уақытта қаладағы бағдаршамдардың басқару құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл оның жұмысын жолдағы көлік қарқындылығын ескере отырып, нақты уақыт режимінде реттеу және көлік ағындарының статистикалық деректерін жинауға бағытталған.
— Кері есептеу таблоларының көлік ағынына бейімделетін адаптивті режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін олардың бағдарламасын жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Осыған байланысты аталған таблолар уақытша алынды. Олардың жұмысы 2026 жылдың қараша айының соңына дейін қалпына келтіріледі, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда апаттық жөндеу жұмыстарына байланысты көше жабылды.