Алматыда Барлық базарының орнына салынатын көлік торабы қандай болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының кіреберістерінде облыс пен мегаполисті байланыстарын көлік тораптары салынады.

Фото: Алматы әкімдігі

Олардың бірі - Алматының батысында орналасқан «Барлық» базарының орнында болады. Бұл көлік торабы оңтүстіктегі көрші облыстар мен Қарасай, Жамбыл аудандарының тұрғындарын қарсы алатын қала қақпасына айналмақ. Биыл 9 қаңтардан бастап құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты базар толықтай жабылды.

Kazinform агенттігі Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасына жүгініп, аталған жоба аясында қандай жұмыстар істелетінін нақтылады. Ведомство қазір бұрынғы базар орнында инженерлік желілерді көшіру және негізгі құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Алдағы уақытта мұнда көп деңгейлі автотұрақ пен автобус тұрақтары салынбақ. Одан бөлек құрылысы аяқталуға жақындап қалған «Қалқаман» бекетінен осы жаққа метро желісі жүргізіледі және бірінші желінің соңғы аялдамасы осында орналасады. Сонымен қатар көлік торабында LRT желісі жүргізіліп, жылдам рельсті көліктің бекеті салынады.

- Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес, аталған аумақта «Батыс» көлік-ауысып отыру торабын орналастыру көзделген. Жоба бойынша мұнда метрополитен станциясы, жеңіл рельсті көлік (LRT) станциясы, сондай-ақ жеңіл көлік пен автобустарға арналған автотұрақ инфрақұрылымы қарастырылған. Жобаны іске асыру қала маңындағы елді мекен тұрғындары үшін Алматының орталық аудандарына ыңғайлы көлік байланысын қамтамасыз етеді, - дейді басқарма өкілдері.

Қазір базар аумағында құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқанымен, метро не LRT бекеті сынды ірі жобалардың құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Себебі ведомство көлік торабын салуға биыл бюджеттен қаражат бөлінбегенін атап өтті.

Еске салайық, Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Құжат мәліметтері бойынша бірінші желі Б.Момышұлы, Төле би, Абылай хан көшелерімен өтеді. Кейін LRT желісінің 2-ші кезегі «Барлық» көлік-ауысып отыру торабынан Момышұлы көшесіне дейін салынады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастап, 2029 жылы аяқтау жоспарланып отыр.