Алматыда биыл демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер саны 2,5 есе артады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер желісін кеңейтуді жоспарлап отырғанын хабарлады. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, жәрмеңкелерді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ ұйымдастырады. 2025 жылы қаланың Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу және Медеу аудандарының аумағында 430 жәрмеңке өткізілген.

Фото: Алматы әкімдігі

— Биыл жәрмеңкелер санын 2,5 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Осыған байланысты 2026 жылдың соңына дейін 1000-нан астам жәрмеңке өткізу жоспарланған, — деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар 2026 жылдың ішіндп Түркістан, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстан фермерлері қатысатын кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру қарастырылған. Алматы әкімдігі жаңа піскен көкөніс өнімдерін жеткізуге басымдық берілетінін атап өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

Демалыс күнгі жәрмеңкелер өтетін мекенжайлар:

* Алмалы ауданы — Масаншы көшесі (Гоголь көшесі мен Әйтеке би көшесінің аралығы);
* Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
* Бостандық ауданы — «Қазақфильм» шағын ауданы, Исиналиев көшесі;
* Жетісу ауданы — «Құлагер» шағын ауданы, ХҚКО мен әкімдік ғимараты арасындағы автотұрақ;
* Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары (Бектұров көшесінің қиылысы).

Еске салайық, бұған дейін Әуезов және Бостандық аудандарында демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер үш күндік жұмыс форматына көшті.