Алматыда биыл самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енеді

Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы көшелерінде 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап электрлі самокаттар алынып тасталды. Алайда биыл 1 наурыздан кейін бұл көлік түрі қайтадан мегаполис жолдарына оралады. 

Kazinform тілшісі жаңа маусымда самокат жүргізушілеріне қандай жаңа талаптар қойылатынын анықтады. Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы жауабына сәйкес, қыс кезінде операторлар самокаттарға техникалық қызмет көрсетіп, құрылғылардың жарамдылығын, аккумуляторларын тексереді және мониторинг жүйелерін жаңартады. Ол маусым басталғанда техниканың қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал 2026 жылы қала әкімдігі жалға самокат ұсынатын компанияларға жаңа талаптар қойды:

* Жалға берілетін электр самокаттардың сақтандыруы және сәйкестендіруге болатын нөмірі бар тіркеуі болуы тиіс.


* Компаниялар техниканы есепке алуға, тіркеу нөмірлерін беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ самокат жүргізушілерінің 18 жасқа толғанын және кез келген санаттағы жарамды жүргізуші куәлігінің болуын тексеруге міндетті.


* Сонымен қатар әкімдіктің құқық қорғау органдарымен бірлесіп самокатты пайдалану мәдениетін арттыруға бағытталған жұмысы жалғасады.

– Операторлар техниканы уақтылы күтіп-ұстауға, оның техникалық жай-күйін бақылауға және ақауы бар құрылғыларды пайдаланудан алып тастауға, сондай-ақ жалға алушыларды қауіпсіз пайдалану ережелері мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдары туралы хабардар етуге міндетті. Мониторинг, жылдамдықты шектеу сияқты технологиялық шешімдер де қауіпсіздікті арттыру жөніндегі шаралардың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Бірқатар нормативтік құжаттар мен ұсыныстарда операторлардың техниканы ретсіз қоюды шектеу және жаяу жүргіншілерге немесе қозғалыстың басқа қатысушыларына кедергі келтіретін орындарға орналастырмау міндеті де талқыланып жатыр, - деп хабарлады басқарма.

Ал курьерлер жиі пайдаланатын электр велосипедтер егер қуаты 250 Вт-қа дейін және жылдамдығы 25 км/сағ-қа дейін болса, әлі де қарапайым велосипедтерге теңестіріледі. Қазіргі уақытта оларға тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қолданылмайды.

Еске салайық, 2025 жылы самокаттан қанша адам жапа шеккенін жазғанбыз.