Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, мегаполисте бір күнде мамыр айындағы орташа норманың жартысынан астамы жауған.
10 мамыр сағат 11:00-ден 11 мамыр сағат 20:00-ге дейін 50,4 миллиметр жауын-шашын түскен.
Бұл мамыр айындағы орташа айлық норманың 51 пайызына тең.
Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы қала қызметтері күшейтілген режимге көшірілгенін хабарлады.
Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат — көшелерді су басудың алдын алу және оның салдарын жедел жою.
Қала әкімдігі коммуналдық қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Су тасқынына қарсы жұмыстарға Алматының құтқару қызметтері де тартылған.
Қазір олардың қарамағында ассенизаторлық техника мен 15 мотопомпа жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті 53 арнайы техника мен 240 қызметкер жұмылдырған.
Жалпы қала инфрақұрылымының жұмысын қамтамасыз етуге 3080 жол жұмысшысы мен 1225 арнайы техника атсалысып жатыр.
Жедел әрекет ету үшін 2300 қап құм дайындалған.
Синоптиктердің болжамынша, 12 мамыр күні Алматыда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Ал 13 мамырдан бастап жауын-шашын тоқтайды деп болжанып отыр.
Мамандар тұрғындарды сақ болып, ауа райын ескеруге шақырды.
Осыған дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде күн райы болайсыз болатыны туралы жаздық.