Алматыда бір түнде 6 мас жүргізуші ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған республикалық «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, өткен тәулікте тәртіп сақшылары масаң күйде көлік басқарған 6 жүргізушіні ұстаған. Одан бөлек мемлекеттік нөмірсіз жүрген 12 автокөлікті, сондай-ақ жалған нөмір қойылған 2 көлікті және өзге де бірқатар өрескел құқық бұзуды анықтаған.
— Жол қауіпсіздігі мәселелері жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Патрульдік экипаждар күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жатыр. Жол апатына тікелей әсер ететін өрескел заң бұзу бойынша бақылау айтарлықтай күшейтілді, — деді әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Тимур Серікұлы.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ірі жол апатынан үш адам зардап шекті.