Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты — жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау. Оның қорытындысы бойынша барлығы 2 462 құқық бұзушылық анықталған.
— Қауіпсіздік белдігін пайдалану және жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу, көлік құралын басқару кезінде телефон пайдалану, міндетті техникалық байқаудан өтпеген көліктерді пайдалану, сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзу фактілері жиі тіркелді, — деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар мас күйінде көлік басқарған 46 жүргізуші, қарсы қозғалыс жолағына шыққан 45 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал арнайы айыппұл тұрағына 328 көлік қойылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүк көлігі мен пойыз соқтығысты.