Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнында құрылыс басталды: не салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнында ауқымды жобаны іске асыру басталды.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, Гоголь және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан аумақта жалпы ауданы шамамен 32 мың шаршы метр болатын креативті кластер салу жоспарланған. Жоба креативті индустрияларды дамытуға арналған толыққанды инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.

Кластер құрамында көпфункциялы концерт залы, қоғамдық холл мен іс-шараларға арналған кеңістік, креативті индустрия өкілдеріне арналған студия мен шеберхана, қазақстандық дизайнерлердің шоурумдары, заманауи өнер галереясы, қалалық іс-шаралар өткізуге арналған атриум, сондай-ақ креативті кәсіпкерлерге арналған кеңсе кеңістіктері қарастырылған.

Бұдан бөлек жоба аясында амфитеатр, жазғы сахна, саябақ аймағы және балалар ойын инфрақұрылымы бар көркейтілген аумақ салынып, тұрғындар үшін ашық әрі қолжетімді қоғамдық кеңістік қалыптастырылмақ.

- Аталған аумақтың ұзақ уақыт бойы пайдаланылмауы осындай ауқымды жобаны әзірлеу және келісу жұмыстарының күрделілігімен байланысты болды. Өйткені жоба қала құрылысы мен сараптаманың барлық кезеңінен өтуді талап етті. Бүгінде жобаның тұжырымдамасы ғана емес, жобалық құжаттамасы да толық бекітілді. Ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыстың белсенді кезеңі басталды, – деп атап өтті әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының қазіргі жай-күйі қандай екенін жазғанбыз.