Алматыда екі қабатты ғимарат сот шешімімен бұзылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Тілендиев көшесі, 137 мекенжайында заңсыз салынған екі қабатты ғимарат бұзылып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала құрылысын бақылау басқармасынан хабарлағандай, меншік иесіне рұқсат құжаттарының толық болмауына байланысты әкімшілік шара қабылданып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Фото: Алматы әкімдігі

— Кейін нысанды бұзу туралы талап-арыз сотқа жолданды. Алмалы аудандық соты нысанды заңсыз деп таныды. Ал өткен жылдың 20 тамызында Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, — делінген басқарма хабарламасында.

Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі ғимаратты бұзу жұмыстарын бастап кетті.

Фото: Алматы әкімдігі

Осыған дейін Алматыда мемлекеттік қордың жерінде заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын бөлшектеу жұмыстары жүріп жатқаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ Алматыда соңғы екі жылда 65 заңсыз нысан, оның ішінде тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара бұзылғаны туралы жазғанбыз.