Алматыды екі жылда 65 нысан сүрілген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда соңғы екі жылда 65 заңсыз нысан, оның ішінде тұрғын үй кешендері толығымен немесе ішінара бұзылды.

Қала құрылысын бақылау басқармасы жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын құрылыс компаниясының құжаттарын мұқият тексеруді ұсынады. Бұдан бөлек, басқарма рұқсат құжаты толық емес немесе жобадан ауытқыған және басқа да бұзушылықтармен салынған тұрғын үй кешендерін анықтап, сатып алуға ұсынылмайтын үйлердің тізімін жариялап отырады. Мәселен, былтыр қараша айында бұл тізімде 36 тұрғын үй болды.

– Жылжымайтын мүлік нарығындағы мәмілелердегі шығындарды болдырмау үшін құрылыс салушыдан рұқсат құжаттарының толық пакетін талап ету керек немесе қала құрылысын бақылау басқармасының WhatsApp анықтамалық арнасы арқылы рұқсат құжаттарының толық пакетінің болуы туралы сенімді ақпарат алу қажет +7 705 89 66 000. Сондай-ақ Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасынан құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы туралы ақпарат алуға болады,– деп жауап берді басқармадан Kazinform агенттігінің сауалына.
2023 жылдың басынан бері мегаполисте 65 заңсыз нысан толығымен немесе ішінара бұзылды.

– Былтыр тиісті рұқсат құжатсыз салынған төрт тұрғын үй кешені сот шешімімен бұзылды. Оның ішінде «Француз үйі» мен «Graff» тұрғын үй кешені бар, – деп атап өтті ведомстводан.
Қазір қала аумағында 171 тұрғын үй кешені құрылысы жүріп жатыр.
Еске салайық, былтыр жыл соғында Алматы мәслихаты құрылыс-монтаж жұмыстарының көтергіш және (немесе) қоршау құрылымдарын салу мен қайта құруға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында құрылыс нысандарына кіру тәртібі бекітті. Аталған құқықтық акт жобасын Алматы қаласының Қалалық құрылыс бақылау басқармасы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен әзірледі.

Қазір сәулет-құрылыс бақылау органдарының құрылыс нысандарына кедергісіз кіру мүмкіндігі жоқ екені белгілі. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ресми өтініштердің негізінде ғана тексеруге болады.
Құрылыс нысандарына кірудің бекітілген тәртібі бойынша инспекция жүргізуге негіз ретінде рұқсат құжаттары жоқ құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуі, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқу және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаның болмауы секілді фактілер қызмет ете алады. Осылайша, бұл тәртіп бастапқы кезеңінде заңсыз құрылыстың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте, тексеру жүргізу үшін нысанда тиісті түрде хабарланған мүдделі тұлғаның болмауы инспекция жүргізуге кедергі жасай алмайды. Бұл жоспардан тыс тексеру жүргізу талаптарынан ерекшеленеді.
Сондай-ақ Алматыда 12 қабаттан жоғары құрылысқа тыйым салынуы мүмкін.