Алматыда екі күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің 76%-ы жауды

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Алматыда 10 қараша кештен бері жаңбыр жауып жатыр. Қазгидромет мәліметінше, 11 қараша сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қалада 42 мм жауын-шашын түскен. Бұл айлық норманың 76%-ы.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, бұған дейін қалада жергілікті су басудың сегіз учаскесі анықталған.

“Алматы Тазалық” қызметкерлері арық жүйелері мен су өткізу өткелдерін жапырақ пен қоқыстан жедел тазартты. Аталған сегіз учаскенің барлығы проблемалық аймақтар тізіміне енгізілді. Анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары биылғы қараша айының соңына дейін жүргізіледі деп жоспарланған.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 21:00-дегі жағдай бойынша жаңадан су басу дерегі тіркелген жоқ.

- Қолайсыз ауа райының салдарын алдын алу және жою мақсатында жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды. Жұмысқа 415 техника, 97 мотопомпа жұмылдырылып, шамамен 5 000 құм толтырылған қап дайындалды. Күн сайын коммуналдық қызметтің 3 250 жол қызметкерлері мен 1 225 арнайы техникасы жұмысқа жұмылдырылады, - делінген хабарламада.

Синоптиктердің болжамынша, түнгі уақытта ауа температурасы 0…–2 °C-қа дейін төмендейді.

Еске салайық, Алматы әкімдігі коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарлаған еді.

Ал 11 қарашада қалада нөсер жаңбыр жауып, көшелерді, метро бекетін су басқан еді.