Су басқан көше мен метро: алматылықтар жаңбырдан кейінгі жағдайға шағымданып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 10 қараша түннен бері жауын-шашын жауып тұр.

Су басқан көше мен метро: алматылықтар жаңбырдан кейінгі жағдайға шағымданып жатыр
Фото: Видеодан скрин

Толассыз жауған жаңбыр салдарынан қала көшелерін су басып, тұрғындардың жүріс-тұрысы қиындады. Әлеуметтік желіде қалыптасқан жағдайға байланысты шағым айтқан тұрғындардың жазбасы көп. Мәселен, желі қолданушыларының бірі көше абаттандырылып, арықтардың беті жабылғанымен, нәтижесі нашар болғанын жазған. Оның айтуынша, жаңбырдан кейін көше суға толып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтірген.

— Алматы, бізде қарапайым жаңбырдан кейін көше өзенге айналатын болған ба, — делінген жазбада.

Рану есімді тұрғын Абай даңғылы мен Жароков көшесінің қиылысындағы жағдайды көрсетті. Бейнежазбадан көшенің төменгі бөлігінде су жиналып қалғанын көруге болады.

— Жароков көшесінің өзенге айналатынын жыл сайын жазып келеміз, — деп жазды ол.

Енді бір тұрғын Хан-Тәңірі шағынауданы, Энергетикалық көшесіндегі жағдайды желіде жариялады. Суреттен жол ортасында опырылып түскен асфальт байқалады.

а
Фото: threads.com

Одан бөлек желі қолданушыларының бір тобы қалалық метроның Алатау бекетіндегі жағдайды көрсетті. Станса кіреберісін толықтай су басқан.

а
Фото: threads.com

Бұл жағдайға байланысты метрополитеннің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, қалалық су бұру желісінің толуына байланысты Абай даңғылынан төмен орналасқан «Алатау» метро станциясының солтүстік жаяу жүргіншілер өткелін су басқан. Қазір онда метрополитен қызметкерлері жиналған суды сорып алу және аумақты тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Су басу салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тиісті қызметтердің бақылауында. Бұл ретте «Алатау» метро станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жолаушыларға қызмет көрсетуде шектеулер жоқ, — делінген метрополитен жауабында.

а
Фото: Видеодан скрин

Ал Айгерім есімді тұрғын желіде Мақатаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы, сондай-ақ Сейфуллин даңғылындағы жағдаймен бөлісті. Ол көшемен қатар жаяу жүргіншілерін су басқанын жазған.

Өзге желі қолданушысы Сейфуллин даңғылы мен Шевчкенко көшесінің қиылысында жаңбырдан кейін жақында салынған төсемтас зақымданғанын көрсетті.

Қала әкімдігі не дейді

Алматы әкімдігі «Қазгидромет» мәліметіне сілтеме жасап, 11 қараша сағат 10:00–дегі жағдай бойынша қалада 23 мм, Медеу ауданында 26 мм жауын-шашын түскенін хабарлады. Одан бөлек коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны атап өтілді.

Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, түнде қаланың бірнеше ауданында су жиналғаны анықталған. Қолайсыз ауа райының салдарын болдырмау және жою үшін жалпы саны 1 579 адамнан құралған 85 жедел бригада кезекшілікке шыққан.

Жұмысқа 415 техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылып, 2 950 құм салынған қап дайындалған. Тәулік бойғы жұмысқа 3 253 жол саласының жұмысшысы тартылды.

Алматыдағы жауыннан кейінгі жағдай
Фото: Видеодан скрин

— Синоптиктердің болжамынша, 11 қарашада жаңбыр күні бойы оқтын-оқтын жауады. Тағы 10 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. 12 қарашада жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр, тұман түсуі мүмкін. Қала тұрғындарына қолайсыз ауа райында жолда абай болып, көлік жылдамдығын азайту ұсынылады. Сондай-ақ көліктерді су жиналуы мүмкін аумақтарға қоймау керек. Қатты жел кезінде ағаштардың және жарнама құрылымдарының маңында жүрмеген жөн, — деп ескертті әкімдіктен.

Еске салайық, кеше Алматы әкімдігі коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарлады.

Бұған дейін Алматыда тұрғындардың бірі тобы көшедегі арықтардың бетін жабуға қарсы болып, қарсы петиция жарияланғанын жазғанбыз. Петицияда арықтарды жаппау қажеттігін дәледейтін 8 уәж келтірілді. Олар қалалық ортада температураның көтерілуі, жасыл желектерге зияны, ауа айналымының бұзылуы, су басу қаупі, ел заңнамасын бұзу, халықаралық тәжірибе және т. б.

Жақында Алматыдағы Сәтбаев көшесінде арықтардың тақталармен жабылуы да тұрғындар назарынан тыс қалған жоқ. Бұл жағдайға да назарылық білдіргендер болды.